Жолдау – жаңа міндет жүктейді PDF Печать E-mail
15.12.2015 00:00

Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы қарсаңында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда:  өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Елбасы Тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістіктерімізді айта отырып, мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін орындап келгенін, тарихымызды түгелдеп, мәдениетімізді өркендетуге қол жеткізгеніміз туралы айтып өтті.
Елбасы Жолдауда әлемдік саясат пен сырт елдерде болып жатқан жағдайларға елімізді шарпытпай, әлем көшінен қалмай ілгерілеп, ел экономикасының еңсесін түсірмей, халықтың әл-ауқатын  көтеру мен бірлік жайында баса айтты. Сонымен қатар, қиын да күрделі кезеңде, көз алдымызда мың құбылып жатқан қоғамда өмір кешіп отырғанымыз жасырын еместігін де еске салып, тиісті министрліктерге халыққа оңтайлы бағыттарды ұсынды. Жаңа индустриялық және инновациялық жобалардың қарқынын күшейтуді тапсырды.
2016 жылы банк жүйесінде де сапалы жұмыстар болуын талап етіп, ұлттық теңгеміздің құлдырауына жол бермеуді, оның беделін көтеруді тапсырды.
Әсіресе, ірі кәсіпкерлердің ел экономикасына қаржы салып, халықты жұмыспен қамтып, әлеуетінің көтерілуіне септігін тигізуі жайын айтқаны  көпшілікке үлкен әсер еткені сөзсіз.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда біраз қиыншылықты бастан өткергенімен, бүгінде оның бәрі артта қалған жасампаз, бақуатты елге айналды. Оның дәлелі, Елбасы Жолдауында: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік», - деді. Бүгінгі күні әрбір елді мекендегі салынып жатқан мектептер мен емханаларды салу әлі де жалғасуда. Бұның барлығы да еліміз үшін қуанарлық жағдай.
Еліміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қабылданғаннан бері, осы уақыттың өзінде-ақ оны жүзеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан орасан зор нәтижелерге қол жеткізілді.
     Біріншіден, Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-орынға ие болды.   
Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-позицияны иеленді.
Үшіншіден, 30 қарашада  Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толық қанды мүшесі болды. Бүгінде көптеген жайттар ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.
Қазір және кез-келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес. 
Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге  Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.
     Екінші – реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазір біз 100 нақты қадам ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Бізге мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау мейлінше қажет.
     Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр.  Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.
Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажет.
     Бірінші. Қаржы секторын тұрақтандыру.
     Екінші. Бюджет саясатын оңтайландыру.
Үшінші. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру.
     Төртінші. Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері.
Бесінші. Жаңа әлеуметтік саясат.
     Экономикалық тәуекелдерге, жалпы ештеңеге де қарамастан халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында  2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы 28%, білім беру саласының қызметкерлері 29%, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40%-ға дейін артатыны жарияланды. Сонымен қатар, мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25%-дық өсімі, сондай-ақ стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2%-ға индекстеледі. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30%-ға арттырылатын болады. Әрине, осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады.
Бүгінгі таңда, «білім аламын, оқимын, еңбек етемін», - деген жанға жол ашық. Елбасы Жолдауында өз өмірін үлгі ете отырып, жастарға үлкен ой салатын сөздер айтты. «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да міндетті түрде кәделеріңе жарайды», - деген Ә.Назарбаевтың сөзі қашанда үлгі-өнеге. Бұл Жолдауда Президент жастарға мамандық меңгеруге қатысты кеңесін айта келе, тегін кәсіби жұмысшы мамандықтарын игеру үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінетіндігін айтты. Елбасының білім беру саласына қатысты айтқан бұл сөздері көптің көкейінен шықты. Аталған салада ешқандай қаржылық қысқарту болмайтыны, алдағы уақыттар белесінде де қолдау көрсетіле беретіні баса айтылды. Бұл – Елбасының саяси көрегендігі. Себебі, адами әлеуетті дамыту арқылы дағдарысты еңсере алатынымызға сеніміміз кәміл.
Жолдауда көтерілген мәселелер еліміздің әлемдік дағдарыстан аз шығынмен шығып, алға қарай дамудың сатыларын міндеттейді. Елбасы қойған биік мақсаттарға біздер бірлесіп қана тұрақтылық пен келісімде, түсіністік пен жауапкершілікте ғана қол жеткіземіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші әрбір азамат Елбасы тапсырмаларын орындауда өз үлестерін қоса білу керек. Баршамыз Елбасы Жолдауынан қанаттанып, жарқын істерді жасампаздықпен жүзеге асыра берейік!

 

«Нұр Отан» партиясы Мақтарал
аудандық филиалының
консультанты О.Тұрғынов

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!