Еңселі елордам – әсем Астана ! PDF Печать E-mail
08.07.2015 00:00

Еуразияның жүрегінде, Сарыарқаның төсінде орын тепкен елордамыз - Астана Орталық Азиядағы ең әсем де сәулетті қалалардың бірі ретінде бүкіл әлемге танылды. Мұнда күллі әлемнің саяси көшбасшылары, қайраткерлері, ірі бизнес және ақпарат көздерінің өкілдері, дәстүрлі дін жетекшілері бас қосып, ауқымды мәселелерді талқыласа, өнер, спорт жұлдыздары қазақстандықтарға арнап концерттерін беруі дәстүрге айналған. Мұның барлығы елордамыздың көркейіп, гүлденуі, білім мен ғылымның, қызмет көрсетудің халықаралық талаптарға сай келуіне жағдай жасап отырған Елбасымыздың арқасында қол жеткізілген жетістіктер деп түсінгеніміз абзал.
Жыл сайын бас қаламызға арналған күнді мерейлі мерекемен думандатып бүкіл қазақстандықтар өткізіп жатады. Мерекенің мән-мағынасы кең, мазмұны ауқымды екендігі оның тек қана концерттік бағдарламалармен шектелмейтіндігінде. Кең байтақ еліміздің жер-жерлерінде жаңа әлеуметтік ғимараттардың ел игілігіне салтанатты түрде пайдалануға Астана күніне тарту ретінде берілуінде. Астана тарихы мен бүгініне, болашағына арналған түрлі өнер байқауларының ұйымдастырылуында. Тағысын тағылар. Мінеки, осындай игі шаралардың бірі Оңтүстіктің қиыр шетінде орналасқан еңбек сүйген халқы бар мақталы өлке – Мақтаралда да жалғасын тапты.
Мереке қарсаңында облыс әкімі А.Мырзахметовтың тікелей бастамасымен бой көтерген құны 146,9 млн. теңгені құрайтын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының заманауи үлгідегі зәулім ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл ғимараттың ауданымызда шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына үлкен септігі тиетіндігі сөзсіз. Мұнда кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп қана қоймай, кәсіпкерлік бастамаларын жаңадан ашуға бел буған азаматтарымызға да кәсіпкерлікке даярлық курстары, бизнес кеңестер мен жоспарлар, тың идеяларды жүзеге асыру ұсынылатын болады. Ғимаратта аудандық кәсіпкерлік бөлімі, кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, шағын несие ұйымдары секілді мекемелер орналастырылып, мамандардың жұмысын тиімді әрі сапалы атқаруына барлық жағдайлар жасалған. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аудан әкімі Ж.Бейсенбаев осындай мәліметтерді келтіріп өтті.
Негізгі мерекелік салтанатты іс-шара аудан орталығы Жетісай қаласындағы «Жеңіс» алаңында атап өтілді. Іс-шараны аудан әкімі ашып, барша тұрғындарды, қала қонақтарын мерекемен құттықтады. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға Мақтарал ауданының Құрметті азаматы атағын табыс етті. Ауданның шығармашыл жастары, жас журналисттер мен тілшілер арасында «Елімнің жүрегі – Астана!» атты үздік мақалалар байқауына қатысып, оза шыққан талант иелеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Астананың сұлу да сымбатты келбетін, құрылу тарихын бейнелеу арқылы жастарымызға отансүйгіштікті дәріптеу, экологиялық мәдениетті сақтау және Тәуелсіз еліміздің жарқын бейнесін паш ету, жастардың шығармашылық қабілетін, журналистикаға құштарлығын, мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін арттыра түсуге бағытталған бұл байқауды Мақтарал ауданының ішкі саясат бөлімі және Жастар орталығы мекемесі ұйымдастырған болатын. Байқауға жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан, жергілікті баспасөз құралдарынан бірқатар жастардың шығармалары ұсынылып, әділ қазылардың елегінен өткен 10 үміткердің шығармалары іріктеліп, нәтижесінде №15 колледждің студенті Акмурзаева Улдана I-орынды  иемденсе, ал «Жанықұл» медициналық колледжінің студенті Кенегесова Мадина II-орынды,  Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Орынбасар Ырыскүл III-орынды қанжығасына байлады. Жүлделі орынның тұғыры бұйырмаса да, үміттерін бәйгеге тігіп, іріктеуден өткен өзге қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Іс-шара соңында тұрғындар мерекелік отшашуды тамашалады. 

 

Г.Сұлтанова

Жастар орталығының қызметкері, Мақтарал ауданы
 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!