16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Жас шебер» байқауы болып өтті PDF Печать E-mail

16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Мақтарал аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аудандағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жастары арасында «Жас шебер» атты аудандық байқауы болып өтті. Іс-шараның басты мақсаты мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, студенттердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Бүгінде тапшы мамандықтар саналатын аспазшы, автомеханиктер мен  дәнекерлеуші жастардың сайысын «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Мұхтар Бейсенбаев ашып беріп, аталмыш мамандықтардың бүгінгі қоғамдағы тапшылығы, бұл кәсіп иелерінің ел экономикасы мен дамуына қосатын үлестерінің орасан екендігін айта келіп байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Атакент қалашығындағы №14 кәсіптік колледж базасында өткен байқауда жас аспаздар тіл үйірер дәмді тағамдарымен әділ қазылар алқасын тәнті етті.
Сондай-ақ, автомеханиктер сайысында әр қатысушы өзінің мамандығының хас шебері екендігін көрсетіп, бір-біріне дес бермеді. Олар жол ережелері бойынша тест сынақтарына жауап беріп, автокөліктерге күнделікті қызмет көрсету, автокөлікті жүргізу сынды шарттармен өзара бақ сынасты. 
Ал, дәнекерлеуші мамандықтары бойынша сайыс ұйымдастырушылар тарапынан берілген металл бұйымдарынан арнайы бұйымдарды сапалы әрі жылдам жасау шарттары бойынша сайысқа түсті.
Әділ қазылар алқасы мен ұйымдастыру комитетінің қорытындысы бойынша жас аспаздар арасында өткізілген сайыста І орынды №14 кәсіптік колледж студенті иеленсе, ІІ және III орынды №15 кәсіптік колледж студенттері  иеленді.
Автомеханиктер сайысының қорытындысы бойынша І орынды №15 кәсіптік колледж, ІІ және III орынды №14 кәсіптік колледж студенттеріне бұйырды.
Сайыстың үшінші түрі дәнекерлеушілер байқауының қорытындысы бойынша І орынды №15 кәсіптік колледж студенті, ІІ орынды №15 кәсіптік колледж   студенттері иеленді.
Сайыстың қортындысы бойынша жүлделі орындар мен түрлі номинациялар бойынша жастарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

  Гүлнұр Сұлтанова                       Мақтарал ауданы «Жастар орталығы» КММ   қызметкері

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!