Дихандар бас қосты PDF Печать E-mail

Ауыл шаруашылығының егіндік алқаптарын әртараптандыру, тамшылатып суғару әдістерін кеңінен қолданысқа енгізу – өнімділікті арттырып, ағын су тапшылығын тиімді шешу мәселелерінен келіп туындаған қадам.        Мақтарал ауданының шаруалары егістік алқаптарын әртараптандыру мен су тапшылығын шешуге арналған жаңа су насостарын ойлап тауып, іс-тәжірибелерін бөлісу мақсатында облыстық семинар өткізді. Басқосуда өзге аудандардың шаруа қожалық басшылары жаңа әдіс-тәсілдер жайында ойларын білдіріп, пікір алмасты.                                                             Облыстық семинарға қатысушылар алдымен аудандағы Жаңа жол ауылдық округінде орналасқан «Қазмақта – 2010» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастады. 38,64 га егістік жер көлемі бар аталмыш шаруа қожалығы 17,08га жеріне тамшылатып суғару әдісімен бақша дақылдарын егіп отыр. Қожалық мүшесі Талғат Ертуов тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыру барысында жаңа су насостарын ойлап тауыпты. Бұл құрылғының ерекшелігі – егістікті беткейлеп суарудан суды 17 есе үнемдейді, гектарына жұмсалатын шығын да аз – жылына 100 мың теңге. Өнім сапасын арттырады. Тағы бір артықшылығы – құрылғы арқылы егістікке барлық минералды тыңайтқыштарды жіберуге де болады екен.            Сонан соң шаруалар Атамекен ауылдық округі Мақташы ауылында орналасқан «Арсенал сад» селолық тұтыну кооперативінің жұмысымен танысты. 2012-жылы негізі қаланған кооперативтің бүгінде 592,6 га егістік жері, 53 ауыл шаруашылығы техникалары бар. Биылғы жылы 107,06 га жерге мақта мен 108,93 га-на бақша дақылдарын, 279,61 га-на Италия мен Германиядан келтірілген өнеркәсіптік үлгідегі жеміс-жидек пен жүзім еккен қожалықтың 48,43 гектары тамшылатып суғару әдісімен бапталуда. Бұл жердегі тамшылатып суғару әдісінің басты ерекшелігі – тамшылатып суғаруға арналған құрылғылар жерастымен жүргізілген. Сондай-ақ, 25 га жерге көшетжай салып, орташа гектарынан 800 центнерден өнім алып отыр.               Жиын соңында семинарға қатысушы дихан-шаруалар өздеріне тың идеялар мен өнімділікті арттыру, ағын суды тиімді пайдалану бағытындағы жаңа әдіс-тәсілдерге қанығып, тәжірибе арттырып қайтты.

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!