Жастар салауатты өмір салтын қолдайды Печать

Халықаралық есірткіні қолдану мен оның заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай, аудандық «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы бірлесіп аудан жастары арасында спорттың футбол түрінен «Жастар - салауатты өмір үшін» атты жарысын өткізді.                  Жастар арасында дене шынықтыру, сауықтыру және салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа тарту, есірткінің алдын алу және зиянды жақтарын жастарға ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған футбол ойыны Қазыбек би ауыл округіне қарасты М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектептің алаңында өтіп, оған 14 команда қатысты.  Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы, «Жастар орталығы» директорының орынбасары Мұхтар Бейсенбаев, осы жарыстың өткізілуіне жағдай жасаған мектеп ұжымына алғысын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.                         Өте қызықты да, тартысты өткен жарысқа ұйымдастырушылар бекіткен Бақытжан Нұрымбетов пен Даурен Сатыбалдиевтар төрелік жасады.                        Теңбіл доп додасының соңында топтан оза шапқан «Жетісай» құрамасы мен Жамбыл бөлімшесінің «Жігер» құрамалары өзара бақ сынасты. Ойын қорытындысында «Жетісай» құрамасы бірінші орынды, «Жігер» құрамасы екінші орынды иеленді. «Әл-Фараби» құрамасы жүлделі үшінші орыннан көрінді. Жасыл алаңда жақсы ойын өрнегін көрсеткен Асанәлі Ходжаев «Үздік шабуылшы» атанса, Өмір Асқарбеков «Үздік қақпашы», ал Бағлан Қожанов «Үздік ойыншы» аталымдарын иеленіп, дипломдармен марапатталды. Жеңімпаз командаларға кубоктар, арнайы дайындалған дипломдар мен бағалы заттай сыйлықтар табыс етілді.