«Мақтарал» футбол клубы ел біріншілігінде ойын көрсетеді PDF Печать E-mail

Мақтарал ауданы еліміздің ең оңтүстік нүктесінде орналасқан өңір. Халқының саны үш жүз мыңнан асатын ауданға С.Тұрбеков әкім болып келгелі  бұқаралық спортқа жете көңіл бөліп келеді. Жанкүйерлердің көптен күткен арманы орындалып, 2011 жылы ауданымызда «Мақтарал» футбол клубын құрып, республикалық чемпионаттың ІІ лигасында ойын көрсетіп,  жеңіс тұғырынан көріне білген мақтаралдықтар 2013 жылы еліміздің І лига чемпионатында ойын көрсететін болды.
Өткен жылы Семей және Павлодар қалаларында өткен екі бірдей үлкен турнирде «Мақтарал» футбол клубы командасы жоғары деңгейде ойын көрсетіп,  қарсыластарын ойсырата ұтып, Қазақстан Республикасының І лига чемпионатына  жолдаманы  ұтып алды.  Сонымен қатар «Мақтарал» футбол клубы 2012 жылы тамыз айында Семей қаласында өткен «Шығыс аймақтық» әуесқой командалары  арасында  Республика біріншілігінде (ІІ лига) бірінші орын мен қатар Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды.
«Мақтарал» футбол командасы құрылғанына да көп бола қойған жоқ. Дегенмен өткен маусымда республика чемпионатының ІІ лигасында жақсы ойын көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінген, өрнекті ойындарымен жанкүйерлердің қызу қошеметіне бөленіп жүрген команда капитаны С.Орынбеков және ойыншылар Э.Набиев, Р.Тұрсымбетов, М.Шадманов, Э,Седько, О.Құлымбетовтардан еліміздің І лигасында да жақсы ойын көрсетіп, талай жетістіктерге жететіндіктеріне сенімдіміз. Команданың бас бапкері Б.Бегмановтың  «Аудан әкімі С.Тұрбековтың бастамасымен құрылған «Мақтарал» футбол клубы жақсы ойын көрсетіп, биік белестерді әлі ақ бағындыратын болады» деп,  дөп басып айтқан сөздері осының дәлелі деп білеміз.
Еліміздің  спорттық жарыс  додаларынан жүлдесіз қайтпайтын саңлақ спортшыларымыздың өңірде дене шынықтыру мен спортпен айналысу, саламатты өмір салтын насихаттауда орны ерекше. Бұл салаға аудан бюджетінен қомақты қаражат бөлінумен қатар демеушілердің де қосып жатқан үлесі мол.
Республика чемпионатының ІІ лигасында топ жарып, еліміздің І лигасына жолдама алып отырған «Мақтарал» футбол клубына ауданның бір топ кәсіпкерлері демеушілік жасап, жиналған қаражат есебінен  жаңа шетел автобусын  сыйға тартты. Көрсетілген қамқорлыққа клуб мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Ауданның футбол құрамасына жасалған мұндай жақсылықтарына алғыс сезімдерін жеткізуде.
Бұрынғы үш ауданның орталықтары саналған Жетісай, Мақтарал, Асықата өңірлеріндегі көпшілік спортпен айланысатын стадион кешендерінде тәуелсіздік алғалы бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей келген. Әйтеуір көтерілген мәселе кейінге ысырыла берген.
Аудан әкімі Серік Тұрбековтың осы салаға деген көңілі, жанашырлығы сол, ауданның бюджетінен қаржы қарастырып, көпшілік тұрғындардың арманына айналған Жетісай қаласындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, Атакент кентіндегі жирма жылдан бері жөндеусіз, қараусыз қалған стадион қайта жаңартылып, заманауи  үлгіде қайта жабыдықталып, қалпына келтірілді. Оған жергілікті бюджеттен 119 млн. теңге қаражат жұмсалды. Стадионың шатыры жабылып, мезгілдің кез-келген уақытында спорттық  іс-шараларды тамашалау үшін  көрермендерге  6000-ға жуық орындықтар қойылды.  Спортшылардың жуынатын, киім ауыстыратын және медициналық көмек көрсетілетін бөлмелері қайта жасалып, қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілді. Бұл мәдени-спорттық демалыс кешеніне Алпамыс батырдың есімі берілді. Алдағы уақытта күш атасы – Алпамыс батырға ескерткіш орнату жоспарлануда.
Аталған спорт кешенінің ашылу рәсіміне келген Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың «Алпамыс батыр спорт кешенінің қайта түлегені мені де қуантып отыр. Бұл аудан басшыларымен жергілікті азаматтардың спортқа деген жанашырлығының белгісі. Мақтаралдан да ізімізді басар мықты спортшылар шыға берсін» деген ел-жұртқа білдірген ыстық лебізі өңір жастарына сөзсіз қанат бітіретіні рас.
Алдағы уақытта Мырзакент кентіндегі стадионды қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. 
Елбасының тапсырмаларының бірі өңірлерде барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ендеше осындай спорттық кешендердің қайта жаңғыртылып, заманауи үлгіде қалпына келтірілуі ауданымыздан шыққан Сидней Олимпиядасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші, күрестен Азияның бірнеше дүркін чемпионы Бақыт Жаңбырбаевтар сияқты ізбасарлардың қатары көбейе түсетіндігіне және көпшілік спорты атанған футболдың ауданымызда дамып-өркендеуіне сеніміміз мол.
Дәулет ЕРІМБЕТОВ
 Мақтарал ауданы әкімінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!