Аудан активінің жиналысы PDF Печать E-mail

2010 жылдың 2 тамызы күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активінің жиналысы болып өтті. Оны облыс әкімі А.Мырзахметов ашып, сөз сөйледі. Облыс әкімі өз сөзінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Қ.Хаметовті Мақтарал ауданы әкімінің қызметінен босату туралы өтініші бойынша мәселе қаралғанын, депутаттар оны бірауыздан қанағаттандырғанын айтты.
Облыс әкімінің ұсынысы бойынша аудандық мәслихаттың депутаттары С.Тұрбековті аудан әкімі қызметіне тағайындауға бірауыздан келісімін бергенін атап өтті. Бұдан соң А.Мырзахметов С.Тұрбековты Мақтарал ауданына әкім етіп тағайындау туралы өзінің өкімін оқып, көпшілікті оның өмірбаянымен таныстырды.
Актив жиналысында Қ.Хаметов сөз сөйлеп, өзінің бір жарым жылдан астам уақыт ішінде ауданның экономикасын жақсартуға байланысты күш-жігерін аямай жұмсағанын, алайда соңғы кездері денсаулығының сыр беруіне байланысты қызметтен босату жөнінде өзі өтініш бергенін айтты. Бірге қызмет істегендерге өзінің шынайы алғысын жеткізіп, алдағы уақытта да басқа салада аянбай қызмет ететіндігіне уәде берді.
Мақтарал ауданының жаңа әкімі С.Тұрбеков мінбеге көтеріліп, өзіне сенім білдіргені үшін облыс әкіміне және Президент аппаратына алғысын айтты. Енді сол сенімді ақтау үшін алдағы уақытта да аянбай жұмыс істейтіндігіне уәде берді. Ол өз сөзінде ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсы білетіндігін, қазіргі күн талабына сәйкес ірілендіру, экономиканы дамыту, басқа да салалардағы жұмысты жақсарту міндеттеріне тоқталды. Соған сәйкес бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Соңында облыс әкімі А.Мырзахметов залдан түскен сұрақтарға жан-жақты, тұшымды жауап қайтарды. Осымен актив жиналысы өз жұмысын аяқтады.

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!