Тағзым саған, Жеңіс сарбазы! PDF Печать E-mail

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл толды. Бұл мереке мерекелердің ішіндегі ең ұлығы, қуаныш ішіндегі ерекше қуанышы екені сөзсіз. Бұл ағаларымыздың қасық қанымен, қажырлы күресімен, қайтпас қайсарлығымен келген мерекеміз ғой. Сондықтан да оның жөні де бөлек, жолы да ерек дейміз. Бұл күн қан майданда белуардан қан кешіп, ұрпақ бақыты үшін күрескендердің күні, соларға құрмет көрсететін, тағзым ететін күн екені рас.
Биылғы мерекені, Жеңіс күнін тойлау біздің ауданда да ерте басталды, әрі тартымды өтті деуге болады. Аудан әкімдігі 65 жылдыққа – 65 іс-шара деп арнайы қаулы қабылдады, соған сай ардагерлермен түрлі деңгейдегі кездесулер, солардың құрметіне спорттық іс-шаралар өткізілді. Мереке қарсаңында ауданнан үш ардагеріміз республика Президентінің Жарлығына сай мемлекеттік наградалар алды.
Ауданнан екі ардагеріміз П.Спатаев пен А.Агубаев Астанаға аттанды, 23 ардагер облыс орталығындағы «Даңқ» мемориалдық ескерткіш кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Ал мерекеден бір күн бұрын ауданда тұратын барлық соғыс ардагерлері Атакент кентіне аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп, осы жерден Отан қорғауға аттанғандарын еске алды. Соғыс отынан оралмағандарға арнап Құран оқылды. Осы жерде аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Ә.Аяпов құттықтау сөз сөйледі. Содан кейін соғыс құрбандарына арналып жасалған ескерткіш мемориалға гүл шоқтарын қойды.  Ардагерлерге арналған дастархан басында әскери-патриоттық әндер орындалды.
Осы күні түс қайта Жылы су ауылдық округіндегі №115 жалпы орта мектебінің алдында Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауынбаевқа арналған бюсттің ашылу рәсімі болды. Сондай-ақ, мектепте тарихи мұражайға келушілерге өз есігін ашты.
Мереке күні аудан орталығындағы Жеңіс алаңы ерекше безендіріліп, әскери, патриоттық әндер әуені алыстан естіліп жатты.
Аудандағы барлық соғыс ардагерлері «Жеңіс» алаңында арнайы дайындалған орындарға жайғасты. Оларды аудан әкімі Қ.Хаметов шын жүректен құттықтады. Сұрапыл соғыстағы аға буынның жан аямас жау жүректігі, ерен еңбегі туған елге, болашақ ұрпаққа деген ерлік күресі біздің санамызда мәңгілік жаңғырып тұрады. Біз Сіздерді әрдайым мақтан етеміз, ерліктеріңізге тағзым етіп, басымызды иеміз, - деді ол өз сөзінде. Онан кейін кеше ғана Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін алған соғыс және еңбек ардагері А.Тамбетов сөйлеп, ондай қасіретті күндердің қайта оралмауын тіледі.
Соңында әскери шеру ұйымдастырылып, ардагерлер алдынан шекара бөлімінің қызметкерлері, болашақ ел қорғаушылар және ішкі істер басқармасының қызметкерлері тағзым етіп өтті.
Ардагерлер бұдан кейін орталық саябаққа жиналды. Онда Жеңістің 65 жылдығына арналған монументті ашты (оның авторы Т.Бинашев). Сол жерде аудандық мәслихаттың хатшысы, Республикалық ХДП-ның аудандық филиалының төрағасы Ж.Әбдәзімов бір топ ардагерлерге облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті. Аудан өнерпаздары мереке құрметіне арнап ән шырқады.
Салтанатты рәсім соңында майдангерлер Ұлы Отан соғысындағы күндерін еске түсіріп, ардагерлерге арналған дастархан мәзірінен дәм татты.

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!