Баламыз иманды болса деймiз... бiрақ, олардың iшкi әлемiне үңiлiп көрдiк пе?.. PDF Печать E-mail

Жыл сайын облысымызда өтiп жүрген «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форумдарында облыс әкiмi А.Мырзахметов  жас ұрпақ тәрбиесiне тереңiрек мән беру қажеттiгiн жиi айтып, қозғап жүр. Сонда оқушылардың сабақты тастап, мектептен мешiтке баратыны туралы, жеткiншектердiң жат ағымдардың жетегiне ерiп, өзiмен бiрге достары мен туыстарын да қатарына қосуға ұмтылуы  қоғамды алаңдатқан өзектi мәселе екенi де сөзсiз болып жүр. Бұл ащы да болса шындық!
 Бүгiнде өрiмдей жас қыздарымыз бен жiгiттерiмiздiң протестанттық, Иегова куәгерлерi, христиандық, тағы да басқа көптеген өзге дiндердiң қолшоқпарына айналып, терiс уағызға елiгiп жүргенiн көргенде жүрегiмiз қан жылайды. Ендi бұған соңғы жылдары «Сәләфилер» деп аталатын тағы бiр дiни ұйым қосылды. Олардың да бойынан экстремизм көрiнiстерiнiң алғышарттары байқалып отыр. Сәләфилер бұрыннан ресми қызмет етiп келе жатқан Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының iстерiне, пәтуаларына қарсы шығып, мешiтке келген жүртшылықтың мазасын алып, имамдардың жұмыстарына кедергi келтiруге тырысып бағуда. Олардың көздегенi – көнеден сыр шертетiн тарихымызды, ұлттық салт-дәстүрiмiздi жоққа шығарып, елiмiздiң құнды жәдiгерлерi болып саналатын киелi орындарымызды тып-типыл, жермен-жексен ету. Тарихтан да белгiлi, кезiнде «Сәләфилер» Мекке мен Медине қалаларындағы бiрнеше кесенелердi қиратып, жойып жiберген жоқ па? Олар құран бағыштауды, мешiтке садақа берудi дұрыс емес дейдi. Мәдени ошақтардың барлығын, музыка, ән айту, көркем сурет, т.б. кешiрiлмес күнә, шайтани амалдар деп ұғынады. Қазақтың салт-дәстүрi бойынша келiндерiмiздiң үлкендерге иiлiп сәлем беруiн және ер адамдардың сәлемдескенде қолын кеудесiне қойып амандасуын Аллаға серiк қосу деп санайды. Сәләфилердiң ең қауiптi ұстанымы – Ата заңымызды мойындамауы, дiни сауаты таяз, иманы әлсiз, ендi ғана ислам дiнiн үйренуге бет бұрған жастарымызды өздерiне тартып, рухани азғындыққа итермелеп, азғыруда.
Соңғы жылдары сақалдарын жөнсiз қоя берген жастардың мешiттерде де топ-тобымен жүруi үйреншiктi көрiнiске айналды. Олар жұма намазында айтылатын уағыздарды тыңдамайды, намаз сүннеттерiн оқымай шығып кетедi. Мешiтке жұма намазына келгенде намазда «Фатиха» сүресiнен кейiн «Әминдi» жария айтады. Имамдардың ескертуiне құлақ аспай ерегiсiп, дауысын көтерiп айтады. Мешiт жамағатынан бөлек жүредi, өзара ым-жымы бiр, шүйiркелесiп бөлектенiп отырады. Бұл жағдай бiздiң Мақтаарал ауданындағы мешiттерде де орын алып жүргенi жасырын емес.
Әрине, бiздер, үлкендер жағы олардың осындай зиянды терiс сипаттарына шошына қараймыз. Ал, әлi он екi де бiр гүлi ашылмаған балауса балғындарымыз ше? қалай исең солай иiлетiн жас шыбықтай жас өскiндерiмiз мешiтке намазға барып жүрiп өзге дiни ағымдардың жүргiзiп жатқан терiс үгiт-насихатына құлақ асып, соңдарынан ерiп кетпесiне кiм кепiл? Бiздiң ең басты қаупiмiз де осы, жастарды одан қалайда сақтандырсақ деймiз.
«Баламыз мұсылман болды, мешiтке барып намаз оқиды» деп сырттай қуанып, оның iшкi дүниесiне үңiлудi, сырласып, сыр тартуды ұмыт қалдырсақ, оның соғы өкiнiшке соқтырмай ма?
Осыдан 4-5 жыл бұрын халықаралық «Хизб-ут-тахрир» дiни экстремистiк ұйымына мүше болған мақтааралдық жас жiгiт құрықталып, сотты болды. Сонда сот алдында үнсiз егiлген баланың әкесi: «Ұлым намазға жығылды. Құран аяттарын үйренiп жүр деп алданыппын, ол қасиеттi Ислам дiнiмiздi iштен iрiтуге қызмет етiп жүр екен»,- деп бармағын шайнағанын көзiмiз көрдi. Әрине, бұл әркiм сабақ алатын жәйт.
Жүрегiнде иманы, Аллаға деген сүйiспеншiлiгi артып намазхан атанып, мешiтке барып жүрген жастар қатары жылдан-жылға көбейiп келедi. Әрине, бұған қуанамыз. Десек те, Ата заңымыз бойынша мектеп оқушысы немесе орта арнаулы және жоғары оқу орнының студентi бiрiншi кезекте мемлекеттiк бағдарлама бойынша сапалы бiлiм алуы тиiс. Сондықтан мемлекет пен дiннiң, мектеп пен мешiттiң аражiгiн дұрыс ажырата бiлгенiмiз жөн. Жасыратыны жоқ, ауданымызда жоғары сыныптық 5-6 оқушысының түсте сабақтан қашып жұма намазға кетiп қалғаны жайлы фактi орын алды. Бұл жәйт әрине, ең алдымен мектеп басшыларын дүрлiктiрiп, үлкен әбiгерге салды. ұстаздар балалардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесiп, бiрiншi кезекте бiлiм алу қажет, сол үшiн мемлекетiмiз барлық жағдайды жасап отыр деп шыр-шыр болды. Арада апта өтпей тағы бiр оқушы мұғалiмiн алдап жұма намазға қатысқан. Ертесiне сынып жетекшiсiнiң алдына келген шәкiртi:
- Апай, Сiз менiң барлық күнәларымды мойныңызға алсаңыз, онда мен жұма намазға бармай-ақ қояйын,- деп шарт қойған. Мұндай тосын жауапқа асып-сасқан ұстазы:
- Айналайын-ау, сен әлi бала емессiң бе? Күнәға бататындай не iстеп едiң? - дейдi. Осы сәтте тағы бiр оқушысы: «Апай, жұма намазға тыйым салуға болмайды. Сiз күнәға баттыңыз» - деп «ақыл» айтқан. Мектеп  басшылары  сабақты тастап  жұма намазға қатысып  жүрген балалардың  ата-аналарымен сөйлескенде, олардың бiрi: «Сендерге иманды бала керек емес пе? Мешiтке барса жаман ба?» - деп дүрсе қоя берген.
Бұл ненi көрсетедi? Бiрiншiден, бұл ата-аналардың да, балалардың да дiни сауатының төмендiгiн, оларға дiни бағытта жүйелi дiнтанулық бiлiм берудiң кемшiндiгiн аңғартады.
Елбасымыздың: «Бiз – сүннит жолын ұстаған мұсылманбыз», «Түбiмiз – түрiк, дiнiмiз – Ислам. Сондықтан, Құран кiтабын насихаттауымыз керек», - деген пiкiрiн темiрқазық ете отырып, имандылықты мұрат тұтқан әрбiр жасқа дұрыс бағыт-бағдар беру баршамыздың мiндетiмiз екенiн ұмытпайық. Жаза басқан жастарды қателестi екен деп күдер үзiп, күңiренбеуiмiз керек. Неге десеңiз, олар да өз бауырларымыз. Сондықтан, басқа дiни ағымның арбауына ерiп, шылауында жүрген олардың бетiн берi қаратып, дәстүрлi дiнiмiзге қайтару үшiн жергiлiктi билiк және дiни қызметкерлер, баршамыз тiзе қосып бiрлесе жұмыс iстеуiмiз керек. Мешiт, ауыл имамдары студенттермен, оқушылармен жиi әңгiме-дүкен құрып, «Дөңгелек үстел», пiкiр алмасулар өткiзсе мұның тиiмдi нәтиже берерi сөзсiз.
Тобықтай сөздiң түйiнi сол, балаңыз өзге дiни ағымның арбауына түсiп қалмасын! «Балам намазға жығылды, мешiтке жұма намазға барады» деп қуанғанымыз дұрыс-ақ. Бiрақ балаңызбен сөйлесiңiз, сырласыңыз, оқыған, естiген хадисiңiздi әңгiмелеңiз, оның iшкi дүниесiне үңiлiңiз... Алланың өзi де «Сақ болсаң, сақтаймын» деген ғой. Баламыз иманды болып, тек түзу жолда жүрсе екен...

 

 Сәбит Қалдыбаев.

 

Ауа райы

Баннерлер

Free template 'Feel Free' by [ Anch ] Gorsk.net Studio. Please, don't remove this hidden copyleft!