ҚОҒАМДЫҚ КЕЛIСIМ КЕҢЕСI Печать
13.08.2015 00:00

Осы таяуда ғана аудан әкiмдiгiнiң үлкен мәжiлiс залында ауданымыздың әкiмi Ж.Бейсенбаев мырза қатысқан маңызды басқосу болып өттi. Бұған жер-жерлердегi ауылдық округтердiң әкiмдерi, мекеме, ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйым өкiлдерi  қатысып отырды.
Кiрiспе сөзiнде ауданымыздың әкiмi Ж. Бейсенбаев тәуелсiз елiмiздiң мұнан да өсiп өркендеуi ұйымшылдық пен бiрлiкте, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықта, келiсiмде екенiне жан-жақты тоқталды.  
- Сондықтан да,- дедi аудан әкiмi,- жоғарыда атап өткен игi қасиеттердiң тамырын тереңге жiберу үшiн де ауданымызда қоғамдық келiсiм кеңесiн құрсақ деген пiкiрдемiн.
Аудан әкiмiнiң бұл маңызды ұсынысы көпшiлiктiң қызу қолдауына ие болды. Нәтижесiнде 31 адамнан құралған аудандық қоғамдық келiсiм кеңесi құрылды. Бұл мәселеге орай еңбек ардагерi Ж. Әбибуллаев, Сырдария университетiнiң профессорлары-Б. Серiков пен Н.қадырбаев, тағы басқа да азаматтар сөз сөйледi, өзiндiк ойларын ортаға салды. қоғамдық келiсiм кеңесінiң төрағалығына бiрнеше азаматтардың кандидатуралары аталғанымен де ақыр соңында кезiнде партия, кеңес жұмыстарында үлкен лауазымды қызметтердi атқарған елге сыйлы еңбек ардагерi Тойым Жүнiсов көпшiлiктiң қолдауымен аталған кеңестiң төрағасы болып сайланды.
- құрылғалы отырған кеңес атауының өзi айтып тұрғандай-ақ,-дедi Т.Жүнiсов,- халықтар арасындағы бiрлiк пен келiсiмдi сақтау, оны дамыту арқылы Елбасымыздың саясатына өзiмiздiң үлесiмiздi қосатын боламыз.
Ол келiсiм алқасына еңбек ардагерлерi, сондай-ақ жасы үлкен азаматтармен қатар жастарды да көптеп тартуға ұсыныс жасады.

Басқосудың соңында келiсiм кеңесiне байланысты өзге құрылымдық мәселелерiн шешу бағытында да әңгiме өрбiдi, олар кеңес отырыстарында жалғасын табады деп келiсiлдi.