Ұлы Абайға 170 жыл Печать
13.08.2015 00:00

Қазақтың ұлы ақыны Абай құнанбайұлының туылғанына биыл 170 жыл толуына орай жақында Жетiсай қаласындағы Абай ескерткiшi алдына жиналған жұртшылық ақынның рухына тағзым етiлiп, ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды.
Iс-шараға еңбек ардагерлерi, зиялы қауым өкiлдерi, аудандық бiлiм бөлiмi, аудандық кiтапхана, мектеп ұжымдары, қаладағы мекеме қызметкерлерi, т.б. қатысты. Жиынды ашқан аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы П. Есенбеков дүниеге сан ғасырда бiр келетiн Абайдай ғұлама ақындардың әрбiр сөзi халқы үшiн баға жетпес құнды дүние екенiне тоқталып, мұндай iс-шара жиi ұйымдастырылып, келешек жас ұрпаққа ұлы ақынды ұлықтауды үйретуiмiз керек дедi.
Онан соң сөзге шыққан Сырдария университетiнiң  профессоры, жазушы Нұрғали қадырбаев, аудандық «әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Айжамал қоңырбаевалар ақынның өлеңдерi мен қара сөздерiнде  мағанасы терең ой жатқанын  айтып,  Абайдың «қараңғы түнде тау қалғып» атты өлеңiн шырқады.

Келесi кезекте аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйi қызметкерлерi ұйымдастырған «Мен жазбаймын өлеңдi ермек үшiн» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Онда Ғ. Мүсiрепов мектебiнiң оқушылары Ж. Бердалиева, Б. Шахабай, Д. Саттарова, Титов мектебiнiң оқушылары С. Асқанова, Б. Сапақұл, А. қуанышбайлар   Абайдың өлеңдерiн оқыса, Б. Тағантұрды, А. Жақсылықова, М. Смайловалар әндерiн шырқады.