Суға шомылу маусымы басталды Печать
12.06.2015 00:00

Жаздың ыстығында күнге және ыстық құмға қыздырыну, салқын суға шомылу сондай тамаша!.

 Бір-ақ, суда жүзе білмеу, қауіпсіздік ережелерін сақтамауы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп соғады. Сондай келеңсіз оқиғаларды болдырмай, алдын алу үшін төмендегі ережелерді ұстаңыздар:
I. Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары
Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
- Тамақ ішкеннен кейін бірден cуға түспеңіздер.
- Рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда ғана шомылыңыздар.
- Ұзақ шомылмаңыз. Ағзаңызды шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
- Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.
- Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыз.
- Техникалық ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.

II. Көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіптері :
(Мұндай сулар төмендегідей инфекциялық аурулардың қозуына ықпал бола алады. Іш-сүзегі 183 тәулік, дизентерия 12-92, оба 4-92, туляремия 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді. )

III. Аяқ-қол тырысуы (судорога) болғанда сіздің іс-әрекетіңіз
Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына әкеліп соғады.
- егер тырысу болған жағдайда жүзуді тоқтатып, суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз,
- Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз.
- Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз.
- Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.

  IV.   Су иірімінен шығудың тәсілдері
- Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз.
- Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз.
- Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып жағаға қарай жүзіңіз.

V. Суда қатты шаршаған кездегі іс-әрекет
Суда ұзақ шомылу шаршап - шалдығуға әкеліп соғады.
- Егер суда шарашасаңыз немесе тоңсаңыз сабыр сақтап тез арада жағаға қайтыңыз.
- Әлсін - әлсін шалқалай жатып дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін жаймен дауыстап санаңыз.
- Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз шалқалай жатып, қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.

VI. Суық судың қауіптілігі
Суық суға түсіп кеткен адам  10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс    болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздық   суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады.
Ағза қатты шаршағанда, ашыққанда, мас  күйінде тезірек суыққа бой алдырады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер ерлерге қарағанда суық суға төзімдірек келеді. Ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін.
Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3
минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат.

VII. Судағы қатерге ұшыраған адамға алғашқы көмек :
Жасанды дем алдыру тәсілін қолданыңыз.
- қатерге ұшыраған адамды судан алып шыққан беттен оның киімін беліне дейін шешіп, тыныс жолдарының жоғары жағын және асқазанын  судан босатуға кірісіңіз
- қатерге ұшыраған адамның аузын азу тістерінінің  әр жағынан саусақпен қармай, немесе қол орамалмен, не дәке оралған пышақ жүзімен, шай қасықтың сабымен немесе жалпақ темір заттпен ашу керек.
- Ауыз қуыстарын тазартыңыз.
- Қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру. Ең жеңіл және тиімді тәсіл - «ауыздан - ауызға» немесе «ауыздан  - мұрынға» ауа үрлеу. Қатерге ұшыраған адамды бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, басын мүмкіндігінше шалқайту. Бас бармақпен және сұқ саусақпен қатерге ұшыраушының мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 дем салу керек. Қатерге ұшыраушының жүрек соғуын ұдайы қадағалап отырыңыз. Егер жүрек соғуы тоқтап қалса, қолдан дем алдыру мен қатар, жүрекке тікелей емес массаж жасаңыз. Ол үшін: қатерге ұшыраушының жүрек тұсына бір алақанды қойып,  екіншісін айқастыра салу қажет. Бұл жағдайда екі колдың да саусақтары көтеріңкі болуын қадағалаңыз. Осы орайда дене салмағын пайдалана отырып, төс сүйекті омыртқа жотасына қарай 4-5 см қысады, жиілігі минутына 70-72 рет болуы шарт.

     Есте сақтаңыздар!
Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы - суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.

Мақтарал аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Мақтарал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі бастығы
өртке қарсы қызмет полковнигі С.Смаилов