Мақталы өңір кәсіпкерлік мектебімен мақтанады Печать
02.06.2015 00:00

Өткен жұма күнi Мақтаарал аудандық мәслихатының кезектен тыс қырық үшiншi сессиясы болып өттi. Күн тәртiбiнде аудан әкiмiн тағайындауға келiсiм беру туралы мәселе қаралды. Облыс әкiмi А.Мырзахметов аудан әкiмi лауазымына Жетiсай қаласының әкiмi Жамантай Бейсенбаевтың кандидатурасын ұсынып, өмiрбаянымен таныстырды.

Сессияда аудандық мәслихаттың депутаттары облыс әкiмiнiң ұсынысын бiрауыздан қолдады.

Сессиядан соң аудан активiнiң жиыны өттi. Онда облыс әкiмi А.Мырзахметов сөз сөйлеп, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында аудан әкiмi лауазымына ұсынылған Жамантай Қанайұлы Бейсенбаевтың кандидатурасын депутаттар толық қолдағанын айтты. Бұған дейiн ауданға басшылық еткен С.Тұрбековтiң ауданның әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсартуға күш салып, өзiндiк қолтаңба қалдырғанын атап көрсеттi.

«Ендiгi жерде басшыға қосшы болып, қолдау көрсетiп, елдiң ынтымақ-бiрлiгiн сақтап, аграрлы, егiншiлiгi жақсы дамыған ауданды одан әрi өркендетуге бiркiсiдей жұмыла кiрiсейiк, әрқайсымыз өз үлесiмiздi қосайық, – дедi өңiр басшысы.

Жиыннан соң облыс әкiмi аудан орталығындағы кәсiпкерлiк мектебiнде болып, шағын және орта бизнестi одан әрi дамыту бағытында қолға алынған жұмыстармен танысты. К-30 каналындағы су жүйесi құрылысын жаңғырту мақсатындағы жаңаша жұмыстарды көрдi. Суармалы алқаптардың мелиоративтiк жағдайын жақсарту, ағын су тапшылығын азайту мақсатында жаңа технология бойынша iске асып жатқан бетондау жұмыстарына жоғары баға бердi. Ж.Ералиев ауыл округiндегi «Нұралы Жол» шаруа қожалығының әртараптандыру бойынша үлгiлi жұмыс iстеп жатқанына көз жеткiздi. Осы округтегi К-30-II каналы бойында аудандағы шаруа қожалықтары өкiлдерiмен кездесiп, егiншiлiк саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша диқандардың ой-пiкiрлерiн тыңдады. Суармалы жердiң құнарлылығын арттыру, егiстiктi жаңа технология бойынша сапалы баптау, әртараптандыруды жүйелi, кешендi түрде жүзеге асыру секiлдi, тағы да басқа мәселелер сөз болды.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы