Мектеп оқушылары арасында толағай жарысы өтті Печать
02.06.2015 00:00

Жуырда  1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында  Жетісай  қаласындағы  мектеп  оқушылары  арасында Б.Момышұлы гимназия мектебінің спорт залында «Спорт сүйер балғынбыз!» атты спорттық-топтық жарыс ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға ұйытқы болған  Мақтарал  аудандық  Жастар орталығының ұжымы мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі.                    Іс-шараның негізгі мақсаты жастар арсында салауатты өмір салтын қалыптастыру және белсенділгін арттыру, өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау және нығайту, жастардың шығармашылық ізденісін интеллектуалдық деңгейін арттыру, спорт түрлерін және жылжымалы ойындарды өскелең ұрпаққа дәріптеу, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу.
Жетісай қаласында орналасқан мектептердің   5 – 6  сынып оқушыларынан  құралған топтары сайыста өзара   бақ сынасты. Әр топ 6 оқушы - 3 ұл, 3 қыздан құралып, жалпы жеті топ өзара  сайысқа түсті. 10 шарттан тұратын жарыста балалар жылдамдық пен алғырлық танытып, жеңіс тұғырына қарай талпынды. Жарыста жылжымалы ойындардан зат тасымалдау, обручпен жұмыс істеу, үстел теннис ракеткасымен жүру, үлкен эстафета, допты эстафета, пингвиндер жүгірісі, баскетбол добын алып жүру, үлкен секірме жіппен секіру, мәреге кім бұрын жетеді түрлерінен сайыстар өткізілді.
Баланың тек физиологиялық қабілетін ғана емес, ақыл-ой зеректігін де таразыға салатын бұл тартысты  ойында қатысушылар ғана емес, жанкүйерлер де жақсы өнер көрсетті. Әрине, әр сайыстың барысын бақылайтын  қазылар алқасы болады. Аудандық  дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Амангелді Мусабеков  пен  аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәрсен  Асқаровтар  әділ бағалауымен, бірлігі жарасқан, жүрегінде жеңіске деген жалыны бар «№119» жалпы орта мектебінің  оқушылары  біріншілікті иемденді. II – орынды «Абай» атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары, ал III – орынды «М.Горький» мектеп – гимназиясының  оқушылары  қанжығаға байлады және қалған топтарға да белсенді қатысқаны үшін марапаттар берілді.

Іс-шара соңында жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.