Мақтарал ауданының жастар күні атап өтілді Печать

Ауданымызда алғаш рет  қарашаның 20 жұлдызында жастар күні атап өтілді. «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған іс-шара қарашаңырақ өнер ордасы - Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында болып, оған қала, кент, ауылдық округтердегі жастармен жұмыс жасайтын мамандар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қызметкерлері, «Алтын белгіге» үміткер оқушылар, құқық қорғау және әскери органдарының жас қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жастары белсенді қатысты.
Мемлекет тарапынан, әсіресе Елбасымыз тарапынан ел ертеңі – жастарға деген қамқорлық жыл сайын арта түсуде. Көшбасшымыздың жақында ғана Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да бұл айқын көрініс тапты. Осындай тілек-лебіздерімен мақтаралдық жастарды мерекемен құттықтап, аудан әкімінің  орынбасары Ә.Әбжанов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы П.Есенбеков әр салада өзіндік еңбектерімен еленіп жүрген «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» жастарды салтанатты түрде марапаттады. «Үздік жас мұғалім» Бекжан Асанбеков, «Үздік оқушы» Абду Айдана, «Үздік жас журналист» Бауыржан Найманов, «Үздік жас мәдениет саласының қызметкері» Оралбек Бахытжан, «Үздік жас дәрігер» Мырзалиева Меруерт, «Үздік жас оқытушы» Файзиев Нұржан, «Үздік студент» Молдахметов Архат, «Үздік жас құқық қорғау қызметкері» Бахыт Кульбаев, «Жастармен жұмыс жүргізген үздік мемлекеттік қызметкер» Талғат Қаржаубаев, «Оқу орындарындағы жастар комитеттерінің үздік қызметкері» Ермахан Есболов, «Үздік жас спортшы» Ұлжалғас Жанзакова, «Үздік жас театр әртісі» Асхат Қамбаров, «Ең жас құрылысшы» Кулбаев Қанат деп танылып, оларға   аудан әкімінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Сондай-ақ, ауданда жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып  жүрген бірнеше белсенді жастарға да аудан әкімінің алғыс хаттары берілді.

Мерекелік кеште республика көлемінде танылып үлгерген, талай өнер додаларында ауданымыздың намысын қорғап жүрген, «Жайдарман» әзіл-сықақ клубы ойындарының биылғы республикалық премьер лига сайысының чемпионы атағына ие болған «Сырдария» университетінің КВН құрамасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық ойындарында 2014 жылдың чемпионы  атағына ие болған Мақтарал ауданы әкімінің құрамасы «Мақтарал жастары» жайдарман тобы, елімізге белгілі жас әнші Асан Пердешов, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Салтанат» би тобы секілді жас өнерпаздарымыз өз өнерлерін көрсетті.