«Дені сау жастар - еліміздің болашағы» атты ауданаралық жарыс өтті Печать

Мақтаарал ауданы  Жетісай қаласының 45 жылдығына орай 26-29 қараша аралығында  аудандық «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жүлдесі үшін «Дені сау жастар - еліміздің болашағы» атты Асықата кентіндегі №121 жалпы орта мектебінде спорттың бокс түрінен ауданаралық турнир болып өтті. Бұл шараның өтуіне аудандық «Жас Отан» Жастар қанаты мен Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы да ұйытқы болды.
Жарысқа Төлеби, Мақтарал, Сарыағаш, Арыс, Түркістан, Шымкент қаласының спортшылары қатысты. Сайыс негізінен 2000 – 2001 жылдары  туылған  36кг, 38кг, 40кг, 42кг, 44кг, 46кг, 48кг, 50кг, 52кг, 54кг, 57кг, 60кг, 66кг салмақтағы жасөспірімдер арасында өтті. 
Іс-шараның басты мақсаты - мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, жастар арасында спорттың бокс түрін, жалпы салауатты өмір салтын және еліміздің бокс саңлақтарын кеңінен насихаттауға, бос уақытын тиімді пайдалана отырып, спортпен шұғылдануына тартуға бағытталды. Бұл іс-шара көптеген жастарымыздың спортқа деген қызығушылығын арттыра түскендігі айқын. Бұл сөзімізге сайысқа қатысушылар мен оны тамашалауға келген жастардың үлес салмағының өзі дәлел болмақ.
Жарыстың салтанатты ашылуына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.  Ал, сайыстың әділ өтуіне барынша күш жұмсаған Асықата балалар мен жасөспірмдер мектебінің жаттықтырушысы М.Алдабергенов, Төлеби ауданынан Е.Балабеков, Түркістан қаласынан Қ.Алпамысов, Шымкент қаласынан Н.Демеуов, Арыс қаласынан  П.Оңғарбеков төрешілік етті. 
Төрешілердің табанды шешімімен жүлделі орындар саны өте көп болды, ширата айтсақ I-орынға 14, II-орынға 14, III-орынға 20 жас спортшы қол жеткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хаттармен, төсбелгілермен және бағалы сыйлықтармен  марапатталды.