Ұлы Абайды ұлықтады Печать

Жастарды кітап оқуға баулуға бағытталған «Кітап – рухани азық, кітапхана – рухани қазық» атты М.Әуезовтың «Абай жолы» романы және «Абай оқулары» байқауын Мақтарал аудандық «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Жастар орталығы» КММ-сі және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырып өткізді.   Қазақ көркем әдебиеті шығармаларына жастардың қызығушылығын арттыру, кітаптың адам баласына пайдалылығы мен құндылығын, кітаптан алған білім арқылы әлемді тануға болатынын ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға аудандағы ауыл округтердегі кітапханалар мен мектептерден түрлі байқауларда озып шыққан 40-қа жуық үміткер қатысып, 19 қатысушы іріктеуден өтті.        Аудандық мәдениет үйінде өткен байқау «Салтанат» би ансамблінің «Шашу» биімен ашылды.  Кейін, сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков көтеріліп, барша қатысушыларға сәттілік тілеп, байқауды ашып берді.  Байқаудың шартына сай қатысушылар Абайға арнап өлең шығару, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындау, Абайдың қара сөздерін жатқа айту кезеңдері бойынша өзара сайысқа түсті.             Қазылар алқасының бағалау қорытындысы бойынша байқау жеңімпаздары анықталып, ішкі саясат бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков пен қазылар алқасының төрағасы «Нұр Отан» партиясы Мақтарал аудандық филиалының кеңесшісі Мұзаффар Тұрдықұлов жеңімпаздарға тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды. Бас жүлдені Шарап Ізет иеленді. Санай Жазира І-орын иеленсе, Файзханов Алихан ІІ-орынды еншіледі. Рысбай Ақмаржан мен Құттыбаева Ағайша ІІІ-орынды өзара бөлісті. Егізбай Бақтыгүл мен Құрбан Азиза ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.     Ұлы Абайдың қара сөздері мен шығармалары, М.Әуезовтың «Абай жолы» романы қара сөздің қадірін білетін оқырманға әлі талай рухани азық, тәрбие болары анық.