«Маусымашар – 2014» Жайдарман ойыны өтті Печать

Жайдарман ойыны – бүгінгі таңда еліміздің жастары үшін үлкен маңызға ие болған жоба. Жастардың бұл өнерге деген қызығушылығы да басым. Ойналатын әзілдердің сапасы, мағынасы да жоғарылап, жастардың тәрбиесінде де ролі артқан.   Жуырда көптің ықыласына бөленіп жүрген ерекше жобаны «Қазақстан КВН одағы» Мақтарал ауданы КВН» филиалы мен «Мақтарал жастары» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Жастар орталығы» КММ мен «Жас Отан» Жастар қанаты ұйымдастырып өткізді.  Жастардың бойындағы мәдениеттілікті, өнерге, білімге деген шығармашылық ізденістерін дамыту, танымдық қабілеті мен сахна мәдениетін қалыптастыру, қазақ тілінің дамуына, жандануына үлес қосу мақсатында өткен ойын Асықата, Атакент, Мырзакент, Жетісай өңірлерінде өтіп, оған жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен мектептерден 45-ке жуық топ қатысты.    Сайыста қатысушылар «Әдебиет маусымын қайталау» тақырыбы аясында әзілдерін ұсынды. Көрермендеріне күлкі сыйлап жүрген Жайдарман жастары бұл жолыда ұтымды әзіл, тапқыр сөзбен сайысты қызықты өткізе білді.     Сайыс барысында әділқазылар алқасы үздіктерді анықтады. Сонымен сайыс қорытындысында «Үздік ойыншы» аталымымен Т.Рысқұлов атындағы ЖОМ-нің «Біздің жігіттер» КВН командасының ойыншысы Н.Талипов марапатталды. «Маусымашар – 2014» Жайдарман ойынының кубогын Ш.Уәлиханов атындағы ЖОМ мен «Тұран» МГ-ның жастарынан құралған «Айхай-шу» КВН командасы иеленді. Барлық командаларға 1\4 ширек финалына өткендігі жөнінде сертификаттар табысталды.