Туристік көпсайыстан «Алтын күз» жарысы өтті Печать

Жуырда аудандық «Жас Отан» Жастар қанаты мен «Жастар   орталығы» КММ және «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық    орталығының» ұйымдастыруымен қала, кент мектептері оқушыларының    арасында  туристік көпсайыстан «Алтын күз» жарысы болып өтті.
Балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық  бағдарлауды, спорттың    туризм  тәсілдерін  және салауатты өмір салтын  насихаттау, жас туристердің    ептіліктері мен дағдыларын шыңдау, қала, кент мектептері  арасынан ең үздік туристік топты анықтау және іс- тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген     туристік көпсайыс екі кезең бойынша өтіп, қала, кент мектептерінен қатысқан 25 команданың ішінен іріктеліп, екінші кезеңге 12 топ жолдама алды. Құрамы төрт оқушыдан жасақталған, жарыстың финалдық кезеңіне өткен командалар орталық «Жастар  саябағы» аумағында кедергілер жолы, түйіндерді байлау, табиғи материалдардан жасалған заттар көрмесі, туристік тұрмыс, туристік әндер орындау сияқты  шарттар  бойынша  сынға  түсті.
Жарысты қорытындылаған ұйымдастырушылар үздік туристік топтарды анықтап марапаттады. Нәтижесінде  І-орынды М.Горький атындағы гимназияның құрамасы, ІІ-орынды А.Байтұрсынов атындағы мектептің, ІІІ-орынды «Тұран» мектеп-гимназиясының командалары иеленіп, аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлованың дипломдарымен және бағалы заттай сыйлықтармен марапатталды.  №122 жалпы орта мектеп пен «Қайнар» жалпы орта мектебінің командаларына белсенді қатысқандары үшін дипломдар беріліп, әр команда жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды.