Мемлекеттік тіл – ұлт мәртебесі Печать

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі Елбасымыз атап айтқандай, «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін  әрқашан есте сақтауымыз керек.
Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі.
Ата заңымыздың 7-бабында: «1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп көрсетілген.
Халық арасында Тіл туралы заң қабылданып, тіл саясатын мемлекеттік тілдің мүддесіне шешу, Мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты белгілеу туралы әр түрлі талаптар мен өтініштер бар.
Қазір республика көлемінде қызу талқыланып жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы - осының кепілі. Оның үстіне, Елбасымыздың бастамасымен Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры құрылған. Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті тілді дамыту және енгізу жөніндегі уәкілетті орган ретінде халық тарапынан жасалатын ұсыныстар мен талап-тілектерге баса назар аударып отыр.
2020 жылға дейінгі мерзімге арналған мемлекеттік бағдарлама жасау – Елбасымыздың Үкіметке берген тікелей тапсырмасы. Бұл тапсырманы орындау әрбір мемлекеттік қызметшінің ғана емес, барша қазақстандықтардың да парызы. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты- Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру.
Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» - деп атап көрсеткен. 
Бағдарламаны іске асырудың он жылдық кезеңі алдымызға жаңа міндеттер жүктейді

   «ХҚКО» РМК ОҚО бойынша филиалының «Мырзакент» бөлімі